A- A A+
Егіндікөл ауданының әкімшілігі
Қаз  | Рус
Қазақстан Республикасының Заңы Ақпаратқа қол жеткізу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 16 қарашадағы № 401-V ҚРЗ

РҚАО-ның ескертпесi!

Осы Заңның қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 21-баптан қараңыз.

Қолданушылар назарына!

Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшiн РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

Осы Заң ақпаратты заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсiлмен еркiн алу және тарату жөнiндегi әркiмнiң

конституциялық құқығын iске асыру нәтижесiнде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi.

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

1) ақпарат — ақпарат иеленушi алған немесе жасаған, кез келген жеткiзгiшке түсiрiлген және оны сәйкестендiруге мүмкiндiк беретiн деректемелерi бар тұлғалар, заттар, фактiлер, оқиғалар, құбылыстар және процестер туралы мәлiметтер;

2) ақпаратқа қол жеткiзу — мемлекет кепiлдiк берген, Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында бекiтiлген, ақпаратты заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсiлмен әркiмнiң еркiн алу және тарату құқығы;

3) ақпарат пайдаланушы — ақпаратты сұрататын және (немесе) пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға;

4) ашық бюджеттердiң интернет-порталы — бюджеттiк есептiлiктi, шоғырландырылған қаржылық есептiлiктi, мемлекеттiк аудит және қаржылық бақылау нәтижелерiн орналастыруды, сондай-ақ бюджеттiк бағдарламалар жобаларын және бюджеттiк бағдарламаларды iске асыру туралы есептердi жария талқылауды қамтамасыз ететiн «электрондық үкiмет» веб-порталының құрамдасы;

5) ашық деректер — машинада оқылатын түрде ұсынылған және өзгермеген түрде одан әрi пайдалануға, қайталап жариялауға арналған, жалпыға бiрдей қолжетiмдi электрондық ақпараттық ресурстар;

6) ашық деректердiң интернет-порталы — ашық деректер бойынша сипаттаушы және сiлтемелiк ақпараттың орталықтандырылған сақталуын қамтамасыз ететiн «электрондық үкiмет» веб-порталының құрамдасы;

7) ашық нормативтiк құқықтық актiлердiң интернет-порталы — заң жобалары тұжырымдамаларының және нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын орналастыруды қамтамасыз ететiн «электрондық үкiмет» веб-порталының құрамдасы;

8) қол жеткiзу шектелген ақпарат — мемлекеттiк құпияларға, жеке басының, отбасылық, дәрiгерлiк, банктiк, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияларға жатқызылған ақпарат, сондай-ақ «Қызмет бабында пайдалану үшiн» деген белгiсi бар қызметтiк ақпарат;

9) мемлекеттiк органдар бiрiншi басшыларының блог-платформасы — азаматтардың сұрау салуларды жiберу және мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшыларынан оларға жауаптар алу мүмкiндiгiн қамтамасыз ететiн «электрондық үкiмет» веб-порталының құрамдасы;

10) мемлекеттiк органдардың интернет-ресурстарының бiрыңғай платформасы — мемлекеттiк органдардың интернет-ресурстарын орналастыруға арналған технологиялық платформа;

11) мемлекеттiк органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалау интернет-порталы — мемлекеттiк органдардың қызметiн бағалау туралы ақпаратты, стратегиялық жоспарлардың және аумақтарды дамыту бағдарламаларының мақсатты индикаторларына қол жеткiзу туралы есептердi орналастыруды, сондай-ақ мемлекеттiк органдар қызметiн жария талқылауды қамтамасыз ететiн «электрондық үкiмет» веб-порталының құрамдасы;

12) сұрау салу — ақпарат иеленушiге осы Заңда белгiленген тәртiппен айтылған немесе жiберiлген, ауызша немесе жазбаша нысандағы, оның iшiнде электрондық құжат түрiндегi ақпарат беру туралы өтiнiш.

2-бап. Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткiзу туралы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткiзу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады және қол жеткiзу шектелген ақпаратқа жатпайтын ақпаратқа қол жеткiзумен байланысты қоғамдық қатынастарда пайдаланылады.

2. Осы Заңның күшi қаралу тәртiбi Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасында, Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестiк, азаматтық процестiк заңнамасында белгiленген жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiне қолданылмайды.

3. Осы Заңның күшi «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген сұрау салуларды қарау тәртiбiне қолданылмайды.

4. Осы Заңның күшi «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген бұқаралық ақпарат құралдарына ақпарат беру тәртiбiне қолданылмайды.

4-бап. Ақпаратқа қол жеткiзудi қамтамасыз етудiң негiзгi қағидаттары

Ақпаратқа қол жеткiзудi қамтамасыз ету мынадай қағидаттарға негiзделедi:

1) заңдылық;

2) ақпарат иеленушiлер қызметiнiң ашықтығы мен айқындығы;

3) анықтығы мен толықтығы;

4) өзектiлiгi мен уақтылығы;

5) ақпаратқа тең қол жеткiзу;

6) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды жария етпеу;

7) жеке өмiрге, жеке басының және отбасының құпиясына қол сұқпау;

8) жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн сақтау.

5-бап. Ақпаратқа қол жеткiзу құқығын шектеу

Ақпаратқа қол жеткiзу құқығы тек заңдармен және конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртiптi, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында қажеттi шамада ғана шектелуi мүмкiн.

6-бап. Қол жеткiзуге шектеу қойылмайтын ақпарат

Мынадай:

1) азаматтардың қауiпсiздiгi мен денсаулығына қатер төндiретiн төтенше жағдайлар мен апаттар және олардың салдарлары туралы, сондай-ақ дүлей зiлзалалар, олардың ресми болжамдары мен салдарлары туралы;

2) денсаулық сақтау саласының, санитарияның, демографияның, көшi-қонның, бiлiм берудiң, мәдениеттiң, әлеуметтiк қорғаудың, экономиканың, ауыл шаруашылығының жай-күйi туралы, сондай-ақ қылмыстық ахуал туралы;

3) терроризм актiлерiн жасау фактiлерi туралы;

4) экологияның, өрт қауiпсiздiгiнiң жай-күйi туралы, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық және радиациялық жағдай, тамақ өнiмдерiнiң қауiпсiздiгi туралы;

5) жеке және заңды тұлғаларға мемлекет беретiн артықшылықтар, өтемақылар және жеңiлдiктер туралы;

6) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылу фактiлерi туралы;

7) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң алтын-валюта резервiнiң мөлшерi туралы;

8) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын нормативтiк құқықтық актiлердi қоспағанда, Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мәтiнiн, сондай-ақ олардың жобаларын қамтитын;

9) мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi қоспағанда, республикалық және жергiлiктi бюджеттер қаражатының қалыптастырылуы мен олардың жұмсалуы туралы;

10) мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi қоспағанда, республикалық және жергiлiктi бюджеттерден қаражаттың жұмсалуын бақылау туралы;

11) ақпарат иеленушiлердiң, олардың лауазымды адамдарының заңдылықты бұзу фактiлерi туралы;

12) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларына жатқызылатын ақпаратты қоспағанда, саяси, әлеуметтiк және басқа да себептер бойынша жаппай қуғын-сүргiн туралы, оның iшiнде архивтегi ақпаратқа қол жеткiзу шектелуге жатпайды.

7-бап. Ақпарат пайдаланушының құқықтары мен мiндеттерi

1. Ақпарат пайдаланушының:

1) заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсiлмен ақпарат алуға және таратуға;

2) ақпарат беру туралы сұрау салумен өтiнiш жасауға;

3) алынатын ақпараттың нақтылығы мен толықтығын тексеруге;

4) сұрау салуды керi қайтарып алуға;

5) ақпарат алу қажеттiлiгiн негiздемеуге;

6) ақпаратқа қол жеткiзу құқығының заңсыз шектелуiне, лауазымды адамдардың әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасауға;

7) өзiнiң ақпаратқа қол жеткiзуге құқығын бұзумен келтiрiлген материалдық залалдың және моральдық зиянның заңда белгiленген тәртiппен өтелуiн талап етуге құқығы бар.

2. Ақпарат пайдаланушы осы Заңның талаптарын сақтауға мiндеттi.

8-бап. Ақпарат иеленушi

Мыналар:

1) мемлекеттiк билiктiң, жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың және өзiн-өзi басқарудың заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының органдары мен мекемелерi;

2) мемлекеттiк орган болып табылмайтын мемлекеттiк мекемелер;

3) квазимемлекеттiк сектор субъектiлерi;

4) мемлекеттiк бюджеттен бөлiнген қаражатты пайдалануға қатысты ақпарат бөлiгiнде — бюджет қаражатын алушылар болып табылатын заңды тұлғалар;

5) өздерi өндiретiн (өткiзетiн) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) бағаларына қатысты ақпарат бөлiгiнде — үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғалар;

6) экологиялық ақпаратқа, төтенше жағдайлар, табиғи және техногендiк апаттар, олардың болжамдары мен салдарлары, өрт қауiпсiздiгiнiң жай-күйi, санитариялық-эпидемиологиялық және радиациялық жағдай, тамақ өнiмдерiнiң қауiпсiздiгi және азаматтардың денсаулығына, елдi мекендердiң және өндiрiстiк объектiлердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге терiс әсер ететiн басқа да факторлар туралы ақпарат бөлiгiнде — заңды тұлғалар ақпарат иеленушiлер болып танылады.

9-бап. Ақпарат иеленушiнiң құқықтары мен мiндеттерi

1. Ақпарат иеленушiнiң:

1) құзыретiне сұратылатын ақпаратты беру кiретiн тиiстi ақпарат иеленушiге сұрау салу жiберуге;

2) сұрау салумен өтiнiш жасаған адамнан сұрау салудың мазмұнын нақтылауға;

3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда және негiздер бойынша ақпарат беруден бас тартуға құқығы бар.

2. Ақпарат иеленушi:

1) ақпаратқа қол жеткiзудi қамтамасыз етуге;

2) ақпаратқа қол жеткiзудi қамтамасыз етуге қажеттi ұйымдастырушылық-техникалық және басқа да жағдайларды өз өкiлеттiктерi шегiнде қамтамасыз етуге;

3) анық және толық ақпарат беруге;

4) берiлетiн ақпаратта лауазымды адам туралы мәлiметтердiң сәйкестендiру үшiн жеткiлiктi көлемде болуын қамтамасыз етуге;

5) ақпарат берудiң заңда белгiленген мерзiмдерiнiң сақталуын қамтамасыз етуге;

6) сұрау салулардың есебiн, жинақтап қорытуды және талдауды жүргiзуге;

7) ақпарат беру кезiнде мүгедектер үшiн қажеттi жағдайлар жасауға;

8) ақпарат қамтылған интернет-ресурстардың iркiлiссiз жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге;

9) ақпаратқа қол жеткiзудi қамтамасыз ету саласындағы лауазымды адамдар мен қызметкерлердiң бiлiктiлiгiн арттыруды қамтамасыз етуге;

10) ақпарат берудiң сапасы мен уақтылығына iшкi бақылау жүргiзуге;

11) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де құпиялар туралы заңнамасын сақтауға;

12) қол жеткiзу шектелген ақпаратқа жатқызылмайтын ашық деректер интернет-порталында ашық деректер түрiндегi ақпаратты тұрақты негiзде орналастыруға;

13) осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мiндеттердi жүзеге асыруға мiндеттi.

3. Осы баптың 2-тармағында көрсетiлген мiндеттерге қосымша ретiнде орталық атқарушы органдардың (Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгiн қоспағанда) басшылары, әкiмдер және ұлттық жоғары оқу орындарының басшылары халық алдында атқарылған жұмыс туралы есеп беруге мiндеттi.

Ескерту. 9-бапқа өзгерiс енгiзiлдi — ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

10-бап. Ақпаратқа қол жеткiзудi қамтамасыз ету тәсiлдерi

Ақпаратқа қол жеткiзу мынадай тәсiлдермен қамтамасыз етiледi:

1) сұрау салу бойынша ақпаратты беру;

2) ақпарат иеленушiлер орналасқан үй-жайларда және осы мақсаттарда бөлiнiп берiлген өзге де орындарда ақпаратты орналастыру;

РҚАО-ның ескертпесi!

3) тармақша 01.01.2017 бастап қолданысқа енгiзiледi — ҚР 16.11.2015 № 401-V Заңымен.

3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк органдар алқаларының отырыстарына қол жеткiзудi және Қазақстан Республикасы Парламентi Палаталарының ашық отырыстарын, оның iшiнде бiрлескен отырыстарын, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi өкiлдi органдарының ашық отырыстарын және мемлекеттiк органдардың жыл қорытындылары бойынша өткiзiлетiн алқаларын интернет-ресурстарда онлайн-трансляциялауды қамтамасыз ету;

4) орталық атқарушы органдар (Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгiн қоспағанда) басшыларының, әкiмдердiң және ұлттық жоғары оқу орындары басшыларының есептерiн тыңдау және талқылау;

5) ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру;

6) ақпаратты ақпарат иеленушiнiң интернет-ресурсында орналастыру;

7) ақпаратты «электрондық үкiмет» веб-порталының тиiстi құрамдастарында орналастыру;

8) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де тәсiлдер.

Ескерту. 10-бапқа өзгерiс енгiзiлдi — ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

11-бап. Сұрау салу бойынша ақпарат беру

1. Сұрау салу бойынша ақпарат тегiн берiледi.

2. Қол жеткiзу шектелген ақпаратты қоспағанда, сұрау салу бойынша кез келген ақпарат берiледi.

3. Сұрау салу құзыретiне сұратылатын ақпаратты беру кiретiн ақпарат иеленушiге жiберiлуге тиiс.

Сұрау салу ауызша немесе жазбаша нысанда, оның iшiнде электрондық құжат түрiнде берiлуi мүмкiн.

4. Ақпарат пайдаланушы өзi келiп немесе телефон арқылы ауызша сұрау салып өтiнiш жасай алады.

Ауызша сұрау салуға мынадай ақпарат бойынша жауап берiледi:

1) ақпарат иеленушiнiң жұмыс кестесi;

2) ақпарат иеленушiлердiң, олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң, аумақтық органдарының және ведомстволық бағынысты ұйымдарының пошта мекенжайы, электрондық поштасының және (немесе) интернет-ресурстарының мекенжайы, анықтама қызметтерiнiң телефондары, сондай-ақ олардың басшылары туралы мәлiметтер;

3) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкiлдерiн қабылдау тәртiбi;

4) жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн, сұрау салуларын, арыздарын және шағымдарын қарау тәртiбi;

5) мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбi;

6) сот iстерiн қарау кестелерi;

7) ашық конкурстық сауда-саттықтар (аукциондар, тендерлер) өткiзу күнi мен орны туралы мәлiметтер;

8) жергiлiктi қоғамдастық жиынын, жергiлiктi қоғамдастық жиналысын шақыру уақыты, орны және талқыланатын мәселелер;

9) ақпарат иеленушi құрған бұқаралық ақпарат құралдары туралы мәлiметтер (болған жағдайда);

10) бос лауазымдардың бар екендiгi туралы ақпарат алу үшiн телефон нөмiрлерi.

Ауызша сұрау салуға жауап берiлген жағдайда, жауапты берген адамның есiмi мен лауазымы көрсетiледi.

5. Жазбаша сұрау салуда:

1) ақпаратты сұрататын жеке тұлғаның тегi, аты, әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетiлсе), жеке сәйкестендiру нөмiрi;

2) заңды тұлға атынан өтiнiш жасалған кезде — заңды тұлғаның толық атауы, бизнес сәйкестендiру нөмiрi, шығыс нөмiрi және күнi, сұрау салуға қол қойған адамның тегi, аты-жөнi мен лауазымы көрсетiлуге тиiс.

Сұрау салуда пошта мекенжайы немесе электрондық поштасының мекенжайы, телефон немесе телефакс нөмiрi, өзге де байланыс құралдары көрсетiлуге тиiс.

Жазбаша сұрау салуға жеке тұлға немесе заңды тұлғаның өкiлi қол қоюға тиiс. Электрондық құжат түрiндегi сұрау салу электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылуға тиiс.

Мемлекеттiк органдар бiрiншi басшыларының блог-платформасы арқылы жiберiлген электрондық нысандағы сұрау салу жазбаша сұрау салуға теңестiрiледi.

Ақпарат пайдаланушының «электрондық үкiметтiң» веб-порталында есепке алу жазбалары болған және оған ұялы байланыс операторы берген ақпарат пайдаланушының абоненттiк нөмiрi қосылған жағдайда, мемлекеттiк органдар бiрiншi басшыларының блог-платформасы арқылы жiберiлетiн сұрау салуға оның қол қоюы талап етiлмейдi.

6. Ақпарат иеленушiге тiкелей өтiнiш жасаған және жазбаша нысанда сұрау салу берген ақпарат пайдаланушыға күнi мен уақыты, сұрау салуды қабылдаған адамның тегi және инициалдары көрсетiлген талон берiледi.

7. Анонимдiк сұрау салуларды қоспағанда, осы Заңда белгiленген тәртiппен берiлген жазбаша сұрау салулар мiндеттi түрде қабылдануға, тiркелуге, есепке алынуға және қаралуға жатады.

8. Жазбаша сұрау салулар жеке немесе заңды тұлғаның өкiлдерi арқылы енгiзiлуi мүмкiн. Өкiлдiктi ресiмдеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.

9. Көпшiлiкке қолжетiмдi ақпараттық жүйелер арқылы келiп түскен және Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетiн сұрау салулар осы Заңда белгiленген тәртiппен қаралуға жатады.

10. Жазбаша сұрау салуға жауап ақпарат иеленушiге сұрау салу келiп түскен күннен бастап күнтiзбелiк он бес күн iшiнде берiледi.

Сұратылатын ақпарат бiрнеше ақпарат иеленушiнiң құзыретiне кiретiн және жазбаша сұрау салуға жауап беру кезiнде өзге де ақпарат иеленушiлерден ақпарат алу талап етiлетiн жағдайларда, ақпарат иеленушiнiң басшысы қарау мерзiмiн күнтiзбелiк он бес күннен аспайтын мерзiмге бiр рет ұзартуы мүмкiн, бұл туралы қарау мерзiмi ұзартылған сәттен бастап үш жұмыс күнi iшiнде ақпарат пайдаланушыға хабар берiледi.

11. Құзыретiне сұратылатын ақпарат беру кiрмейтiн ақпарат иеленушiге келiп түскен жазбаша сұрау салу ол келiп түскен күннен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде тиiстi ақпарат иеленушiге жiберiледi, бiр мезгiлде бұл туралы сұрау салуды жiберген ақпарат пайдаланушы хабардар етiледi.

12. Жазбаша сұрау салуға жауап өтiнiш жасалған тiлде ақпарат пайдаланушының таңдауы бойынша қағаз және (немесе) электрондық нысандарда берiледi.

Ауызша сұрау салуға жауап өтiнiш жасалған тiлде ауызша нысанда берiледi.

13. Егер жазбаша сұрау салуға жауап көшiрме жасауды немесе басып шығаруды көздейтiн болса, онда ақпарат пайдаланушы ақпарат иеленушiнiң көшiрме жасауға немесе басып шығаруға жұмсаған нақты шығындарын өтеуге мiндеттi.

Көшiрме жасауға немесе басып шығаруға жұмсалатын нақты шығындардың мөлшерiн және оларды төлеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды. Көшiрме жасауға немесе басып шығаруға арналған тарифтер және оларды төлеу тәртiбi Қазақстан Республикасының бүкiл аумағына таратылатын мерзiмдi баспасөз басылымдарында мiндеттi түрде жариялануға және ақпарат иеленушiлердiң интернет-ресурстарында орналастырылуға тиiс.

Халықтың әлеуметтiк осал топтары Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен көшiрме жасауға немесе басып шығаруға жұмсалатын нақты шығындарды төлеуден босатылады.

14. Жазбаша сұрау салуға жауапта ақпарат иеленушiнiң атауы, пошта мекенжайы, жауапқа қол қойған адамның лауазымы, сұрау салудың тiркелген күнi және нөмiрi көрсетiледi.

15. Егер сұратылатын ақпарат осы Заңда белгiленген тәртiппен орналастырылса, онда ақпарат иеленушi ақпарат пайдаланушыға сұратылатын ақпаратқа қол жеткiзу тәсiлдерi мен орны туралы мәлiметтердi бiр мезгiлде жiбере отырып, бұл туралы үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей хабарлайды.

Қайталап өтiнiш жасалған кезде, ақпарат иеленушi сұратылатын ақпаратты осы бапта көзделген тәртiппен бередi.

16. Ақпаратқа қол жеткiзуден:

1) егер сұрау салу мазмұны сұратылатын ақпаратты анықтауға мүмкiндiк бермесе;

2) егер сұрау салу осы Заңның талаптарына сәйкес келмесе;

3) егер сұратылатын ақпарат қол жеткiзу шектелген ақпаратқа жатқызылса;

4) егер сұрау салуда ақпарат иеленушi қабылдаған актiлердi құқықтық бағалау, ақпарат иеленушiнiң не оған ведомстволық бағынысты органдар мен ұйымдардың қызметiне талдау жүргiзу немесе өзге де талдамалық жұмысты жүргiзу аяқталғанға дейiн ол туралы мәселе қойылса;

5) мемлекеттiк бақылау және қадағалау шеңберiнде жүргiзiлетiн тексерулер нәтижелерi бойынша шешiмдер қабылданғанға дейiн;

6) ведомствоаралық және ведомствоiшiлiк хат-хабар алмасу негiзiнде немесе мемлекеттiк органдардағы кеңестер негiзiнде тұжырымдалатын түпкiлiктi шешiмдер қабылданғанға дейiн;

7) шет мемлекеттерден немесе халықаралық ұйымдардан келiп түскен құжаттарды ашу шарттары туралы өзара келiсiм қабылданғанға дейiн бас тартылады.

17. Жазбаша сұрау салу бойынша ақпарат беруден бас тарту туралы уәждi жауап сұрау салу тiркелген күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде ақпарат пайдаланушының назарына жеткiзiледi.

18. Сұрау салулармен жұмысты ұйымдастыруға, оларды қабылдаудың, тiркеудiң, есепке алудың және қараудың жай-күйi үшiн ақпарат иеленушiлердiң басшылары жеке жауапты болады.

12-бап. Ақпарат иеленушiлер орналасқан үй-жайларда ақпаратты орналастыру

1. Ақпарат иеленушiлер өздерi орналасқан үй-жайларда өз қызметi туралы ақпараты бар ақпараттық стендiлердi және (немесе) ұқсас мақсаттағы басқа да техникалық құралдарды орналастырады.

Ақпараттық стендiлердi және (немесе) ұқсас мақсаттағы басқа да техникалық құралдарды орналастырған кезде ақпарат иеленушiлер:

тәулiк бойы бұларға еркiн қол жеткiзудi қамтамасыз етуге;

мүгедектердiң оларға еркiн қол жеткiзуiне жағдайлар жасауға мiндеттi.

2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген ақпарат:

1) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкiлдерiн қабылдау тәртiбiн қоса алғанда, ақпарат иеленушiнiң жұмыс тәртiбiн;

2) ақпарат алу шарттары мен тәртiбiн;

3) өзге де мәлiметтердi қамтиды.

13-бап. Мемлекеттiк органдардың алқалы органдары отырыстарына қол жеткiзудi қамтамасыз ету

1. Қазақстан Республикасы Парламентi Палаталарының, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және орталық атқарушы органдардың және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары алқалы органдарының отырыстары, жабық отырыстарды қоспағанда, ашық болып табылады.

Ақпарат пайдаланушылардың ашық отырыстарға қол жеткiзуi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қамтамасыз етiледi.

2. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Палаталары, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi өкiлдi органдары ашық отырыстарды, ал мемлекеттiк органдар — жыл қорытындылары бойынша өткiзiлетiн алқаларды интернет-ресурстарда онлайн режимде трансляциялауды қамтамасыз етедi.

14-бап. Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкiмдердiң және ұлттық жоғары оқу орындары басшыларының есептерi

Орталық атқарушы органдардың (Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгiн қоспағанда) басшылары, әкiмдер және ұлттық жоғары оқу орындарының басшылары жылына бiр реттен сиретпей атқарылған жұмыс туралы халық алдында есеп бередi.

Есептi кездесулердi өткiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда — ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

15-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарында ақпарат орналастыру

Бұқаралық ақпарат құралдарында ақпарат орналастыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

16-бап. Интернет-ресурстарда ақпарат орналастыру

1. Ақпарат иеленушiлер интернет-ресурстар құрады.

2. Осы Заңның 8-бабының 1) тармақшасында көрсетiлген ақпарат иеленушiлер интернет-ресурстарды мемлекеттiк органдар интернет-ресурстарының бiрыңғай платформасында орналастырады.

3. Ақпарат иеленушiлер өз құзыретi шегiнде интернет-ресурстарда:

1) ақпарат иеленушiнiң қызметi туралы жалпы ақпаратты:

ақпарат иеленушiлердiң ұйымдық құрылымын, олардың басшылары туралы мәлiметтердi;

ақпарат иеленушiлердiң қызметi туралы ресми жаңалықтарды (баспасөз релиздерiн);

ақпарат иеленушiлердiң қызметiнде болатын алдағы оқиғалардың ресми күнтiзбелерiн;

ақпарат иеленушiлердiң басшылары мен олардың орынбасарларының ресми сөйлеген сөздерiнiң және ресми мәлiмдемелерiнiң мәтiндерiн;

мемлекеттiк және салалық бағдарламалар, тұжырымдамалар, доктриналар, аумақтарды дамыту бағдарламалары мен жоспарлары, стратегиялық жоспарлар, тиiстi саланы дамытудың стратегиялары мен жоспарлары, нысаналы бағдарламалардың және тұжырымдамалардың жобалары туралы мәлiметтердi;

ақпарат иеленушi жұмыс органы болып табылатын консультативтiк-кеңесшi органдардың (кеңестердiң, комиссиялардың) қызметi туралы ақпаратты;

республикалық және жергiлiктi бюджеттер, Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры қаражаттарының пайдаланылуы туралы ақпаратты;

ақпарат иеленушiнiң нысаналы және өзге де бағдарламаларға, халықаралық ынтымақтастыққа қатысуы туралы ақпараттық хабарларды;

мемлекеттiк орган, оның аумақтық органдары, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органы, ведомстволық бағынысты ұйымдар өз құзыретi шегiнде жүргiзген тексерулер нәтижелерi туралы, сондай-ақ мемлекеттiк органда, оның аумақтық органдарында, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органында, ведомстволық бағынысты ұйымдарда жүргiзiлген тексерулер нәтижелерi туралы ақпараттық хабарларды;

атқарылған жұмыс туралы есептер мен баяндамаларды;

орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiндегi қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалау қорытындыларын;

мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын қоғамдық бағалау нәтижелерiн;

2) ақпарат иеленушiнiң және оның ведомстволық бағынысты ұйымдары құрылымдық бөлiмшелерiнiң тiзбесiн, олардың мiндеттерi мен функцияларын, сондай-ақ олардың басшылары туралы мәлiметтердi;

3) ақпарат иеленушiнiң аумақтық органдарының тiзбесiн (олар болған жағдайда), олардың мiндеттерi мен функцияларын, сондай-ақ олардың басшылары туралы мәлiметтердi;

4) ақпарат иеленушiнiң құзыретiн, өкiлеттiктерiн, мiндеттерi мен функцияларын регламенттейтiн нормативтiк құқықтық актiлердi;

5) ақпарат иеленушiнiң норма шығармашылық қызметi туралы ақпаратты:

ақпарат иеленушi қабылдаған нормативтiк құқықтық актiлер тiзбесiн;

ақпарат иеленушi қабылдаған және қол қойылған телнұсқаларға толық сәйкестiкте қолданысқа енгiзiлген нормативтiк құқықтық актiлердi;

ақпарат иеленушi әзiрлейтiн нормативтiк құқықтық актiлер жобаларының мәтiндерiн, сондай-ақ түсiндiрме жазбаларды, салыстырма кестелердi, ғылыми сараптамалардың қорытындыларын және жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң сараптама қорытындыларын;

ақпарат иеленушi әзiрлейтiн мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер стандарттарының жобаларын, сондай-ақ олардың жария талқылануы аяқталғаны туралы есептердi;

6) ақпараттық ресурстар мен көрсетiлетiн қызметтер туралы ақпаратты:

ақпарат иеленушi құрған бұқаралық ақпарат құралдары туралы мәлiметтердi (болған жағдайда);

ақпарат иеленушiнiң қарамағындағы дерекқорды, тiзiлiмдердi, тiркелiмдердi, кадастрларды;

көпшiлiкке қолжетiмдi электрондық ақпараттық ресурстар мен жеке және заңды тұлғаларға көрсетiлетiн электрондық қызметтер тiзбелерiн;

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасында көзделген тәртiппен жүргiзiлетiн мемлекеттiк сатып алу туралы мәлiметтердi;

7) статистикалық ақпаратты:

ведомстволық статистикалық дерекқорды;

ақпарат иеленушiнiң құзыретiне жататын бөлiктегi саланың (аяның) жай-күйiн және даму серпiнiн сипаттайтын ақпаратты;

8) ақпарат иеленушiнiң қызметi туралы талдамалық баяндамаларды және ақпараттық сипаттағы шолуларды;

9) халықаралық ұйымдардың ақпарат иеленушiлердiң қызметi мәселелерi бойынша қорытындыларын, сараптамалық бағаларын, ұсынымдарын және басқа да талдамалық материалдарын;

10) ақпарат иеленушiнiң жұмыс тәртiбi туралы ақпаратты:

ақпарат иеленушiнiң рұқсат беру әрекеттерiн (лицензиялау, аккредиттеу, тiркеу және басқалар) (мұндай өкiлеттiктерi болған жағдайда) жүзеге асыру тәртiбiн;

Қазақстан Республикасының заңдарына және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес ақпарат иеленушi қарау үшiн қабылдайтын өтiнiштер мен сұрау салулардың үлгiлерiн;

11) конкурстар, тендерлер өткiзу туралы ақпаратты:

ашық конкурстық сауда-саттықтар (аукциондар, тендерлер), сараптамалар мен басқа да iс-шаралар туралы мәлiметтердi және оларды өткiзу шарттарын;

бұларға жеке және заңды тұлғалардың қатысу шарттарын;

өткiзiлген ашық конкурстық сауда-саттықтар (аукциондар, тендерлер) хаттамаларын;

12) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкiлдерiн қабылдау тәртiбiн;

13) жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбiн;

14) алқалы органдардың ашық отырыстарының стенограммаларын және (немесе) хаттамаларын;

15) халыққа жүргiзiлген сауалнамалар туралы деректердi, ақпарат алуға арналған сұрау салуларды жинақтап қорытуды және талдауды;

16) «Сұрақ-жауап» сервисiнiң болуын;

17) азаматтарға жүргiзiлген интерактивтi сауалнамаларды;

18) жаңалықтар легiн;

19) ақпарат иеленушiлердiң, олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң, аумақтық органдарының және ведомстволық бағынысты ұйымдарының пошталық мекенжайын, электрондық поштасының мекенжайын, анықтама қызметтерiнiң телефондарын;

20) ақпарат пайдаланушылар бiрнеше рет (кезегiмен келетiн күнтiзбелiк үш ай iшiнде екi және одан да көп рет) сұрататын ақпаратты;

21) Қазақстан Республикасының заңнамасында орналастырылуы мiндеттi деп белгiленген өзге де ақпаратты немесе ақпарат иеленушi орналастырылуы қажет деп санайтын ақпаратты орналастыруға мiндеттi.

4. Осы баптың 3-тармағында көрсетiлген мәлiметтермен қатар мемлекеттiк органдар өз құзыретi шегiнде интернет-ресурстарында:

1) бюджет қаражаты саласындағы ақпаратты:

республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң жобаларын;

бюджеттiк есептiлiктi;

шоғырландырылған қаржылық есептiлiктi;

мемлекеттiк аудит және қаржылық бақылау нәтижелерiн;

2) әкiмшiлiк мемлекеттiк қызметтiң бос лауазымдарына орналасуға жарияланған конкурстар туралы ақпаратты;

3) кадрлық және қаржылық мәселелердi, ведомствоiшiлiк жұмысты ұйымдастыру мәселелерiн реттейтiн құқықтық актiлердi қоспағанда, құқықтық актiлердi;

4) мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтердiң стандарттары мен регламенттерiн;

5) шет мемлекет, халықаралық немесе шетелдiк ұйым және (немесе) қор ұсынған, алынған және пайдаланылған гранттар туралы ақпаратты да орналастыруға тиiс.

5. Осы баптың 3-тармағында көрсетiлген мәлiметтермен қатар Архивтердi және құжаттаманы басқару жөнiндегi орталық мемлекеттiк орган өзiнiң интернет-ресурсында Ұлттық архив қоры құжаттарының құрамы мен мазмұны туралы деректер жиынтығын (каталогiн) орналастырады.

6. Осы баптың 3-тармағында көрсетiлген мәлiметтермен қатар Қазақстан Республикасы соттарының интернет-ресурстарында:

1) ашық қол жеткiзуде орналастыруға жатпайтындарды қоспағанда, сот актiлерi;

2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген шектеулер ескерiле отырып, сот актiлерiн қарау кестелерi де орналастырылуға тиiс.

7. Осы баптың 3-тармағында көрсетiлген мәлiметтермен қатар ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарының интернет-ресурстарында:

1) кадрлық және қаржылық мәселелердi реттейтiн құқықтық актiлердi қоспағанда, құқықтық актiлер;

2) мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтердiң стандарттары мен регламенттерi;

3) жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар басшыларының есептерi;

4) шет мемлекет, халықаралық немесе шетелдiк ұйым және (немесе) қор ұсынған, алынған және пайдаланылған гранттар туралы ақпарат;

5) әкiмшiлiк мемлекеттiк қызметтiң бос лауазымдарына орналасуға жарияланған конкурстар туралы ақпарат та орналастырылуға тиiс.

8. Осы баптың 3-тармағында көрсетiлген мәлiметтермен қатар жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының интернет-ресурстарында:

1) жергiлiктi маңызы бар мәселелердi шешуге бөлiнген бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргiзiлген мониторинг нәтижелерi және жергiлiктi өзiн-өзi басқарудың кiрiс көздерi туралы есеп;

2) жергiлiктi қоғамдастық жиынын, жергiлiктi қоғамдастық жиналысын шақыру уақыты, орны және талқыланатын мәселелер;

3) жергiлiктi қоғамдастық жиынының немесе жергiлiктi қоғамдастық жиналысының хаттамалары, сондай-ақ оларда қабылданған шешiмдер де орналастырылуға тиiс.

9. Осы баптың 3-тармағында көрсетiлген мәлiметтермен қатар квазимемлекеттiк сектор субъектiлерiнiң интернет-ресурстарында:

1) жарияланған бос лауазымдар туралы мәлiметтер;

2) бос лауазымдарға орналасуға кандидаттарға қойылатын бiлiктiлiк талаптары;

3) бос лауазымдар туралы ақпарат алуға арналған телефон нөмiрлерi де орналастырылуға тиiс.

10. Бюджет қаражатын алушылардың интернет-ресурстарында мемлекеттiк бюджеттен бөлiнген қаражатты пайдалануға қатысты және қол жеткiзу шектелген ақпаратқа жатқызылмаған ақпарат орналастырылады.

11. Үстем жағдайға немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектiлерiнiң интернет-ресурстарында үстем жағдайға немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектiлерi өндiретiн және өткiзетiн тауарларға баға белгiлеу мәселелерiн регламенттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер, сондай-ақ олар өндiретiн (өткiзетiн) тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) бағалары орналастырылады.

12. Өзiнiң интернет-ресурсында ақпарат орналастыруға техникалық мүмкiндiгi жоқ ақпарат иеленушi оны жергiлiктi атқарушы органның интернет-ресурсында орналастырады.

13. Ақпарат иеленушiнiң интернет-ресурсында жаңалықтар легiн жаңарту күн сайын жүзеге асырылуға тиiс, өзге бөлiмдердi жаңарту ақпарат алынған немесе құрылған күннен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей жүзеге асырылады.

14. Интернет-ресурстағы ақпарат қазақ және орыс тiлдерiнде берiлуге тиiс. Ақпарат иеленушiнiң интернет-ресурсының басқа тiлдердегi нұсқалары да болуы мүмкiн.

15. Ақпарат иеленушiнiң интернет-ресурсында қол жеткiзу шектелген ақпарат орналастырылуға жатпайды.

16. Интернет арқылы нормативтiк құқықтық актiлерге тегiн қол жеткiзу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес «электрондық үкiметтiң» веб-порталы арқылы да қамтамасыз етiледi.

17-бап. «Электрондық үкiметтiң» веб-порталында ақпарат орналастыру

1. Ақпарат пайдаланушылар осы Заңға сәйкес «электрондық үкiмет» веб-порталының құрамдастарында орналастырылатын ақпаратты ала алады және пайдалана алады, сондай-ақ «электрондық үкiметтiң» веб-порталында тiркелген жағдайда оны талқылауға қатыса алады.

2. Осы Заңның 8-бабының 1) тармақшасында көрсетiлген ақпарат иеленушiлер ашық деректер интернет-порталында ашық деректердi орналастырады.

Ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган ақпарат иеленушiлерден ашық деректер интернет-порталында орналастыру үшiн Қазақстан Республикасы халқының ашық деректерге қажеттiлiктерi туралы «электрондық үкiметтiң» веб-порталында қоғамдық пiкiрлердi сұрау нәтижелерi бойынша ашық деректердi сұратуға құқылы.

Ақпарат иеленушiлер өз бастамасы бойынша ашық деректер интернет-порталында ақпаратты орналастыруға да құқылы.

Ашық деректер интернет-порталында ақпарат орналастыру Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

3. Ашық бюджеттер интернет-порталында осы Заңның 8-бабының 1) тармақшасында көрсетiлген ақпарат иеленушiлер бюджеттiк есептiлiктi, шоғырландырылған қаржылық есептiлiктi, мемлекеттiк аудит және қаржылық бақылау нәтижелерiн орналастырады, сондай-ақ бюджеттiк бағдарламалардың жобаларын және бюджеттiк бағдарламаларды iске асыру туралы есептерге жария талқылау жүргiзiледi.

Ашық бюджеттер интернет-порталында ақпарат орналастыру мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органмен және бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органмен келiсу бойынша ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.

4. Ашық нормативтiк құқықтық актiлер интернет-порталында нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеушi мемлекеттiк органдар мүдделi мемлекеттiк органдармен келiсуге жiбергенге дейiн заң жобалары тұжырымдамаларының және нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын оларға түсiндiрме жазбаларымен және салыстырма кестелерiмен бiрге (заңнамалық актiлерге өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзiлген жағдайларда) жария талқылау үшiн орналастырады. Жария талқылау нәтижелерi бойынша есептер де ашық нормативтiк құқықтық актiлер интернет-порталында орналастырылады.

Ашық нормативтiк құқықтық актiлер интернет-порталында ақпарат орналастыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

РҚАО-ның ескертпесi!

5-тармақ 01.01.2017 бастап қолданысқа енгiзiледi — ҚР 16.11.2015 № 401-V Заңымен.

5. Мемлекеттiк органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалау интернет-порталында осы Заңның 8-бабының 1) тармақшасында көрсетiлген ақпарат иеленушiлер өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк органдардың қызметiн бағалау туралы ақпаратты, стратегиялық жоспарлардың және аумақтарды дамыту бағдарламаларының мақсатты индикаторларына қол жеткiзу туралы есептердi орналастырады, сондай-ақ мемлекеттiк органдардың қызметiне жария талқылау жүргiзiледi.

Мемлекеттiк органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалау интернет-порталында ақпарат орналастыру мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органмен келiсу бойынша ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.

18-бап. Ақпаратқа қол жеткiзу құқығының заңсыз шектелуiне шағым жасау

1. Ақпаратқа қол жеткiзу құқығының заңсыз шектелуiне жоғары тұрған мемлекеттiк органға (жоғары тұрған лауазымды адамға) немесе сотқа шағым жасалуы мүмкiн.

2. Лауазымды адамдардың әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне), сондай-ақ мемлекеттiк органдардың шешiмдерiне шағым әрекет жасалғаны немесе тиiстi лауазымды адамның немесе органның шешiм қабылдағаны туралы азаматқа белгiлi болған кезден бастап үш айдан кешiктiрiлмей жоғары тұрған лауазымды адамға немесе органға не сотқа берiледi. Шағым жасау үшiн өтiп кеткен мерзiм мемлекеттiк орган немесе лауазымды адам не сот үшiн шағымды қабылдаудан бас тартуға негiз болып табылмайды. Мерзiмдi өткiзiп алу себептерi шағымды мәнi бойынша қарау кезiнде анықталады және шағымды қанағаттандырудан бас тарту негiздерiнiң бiрi болуы мүмкiн.

19-бап. Ақпаратқа қол жеткiзу мәселелерi жөнiндегi комиссия

Ақпаратқа қол жеткiзу саласындағы қоғамдық мүдделердi ескеру және қорғау, сондай-ақ ақпарат пайдаланушылардың қажеттiлiктерiн қанағаттандыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын уәкiлеттi орган жанынан консультативтiк-кеңесшi орган — Ақпаратқа қол жеткiзу мәселелерi жөнiндегi комиссия құрылады.

Ақпаратқа қол жеткiзу мәселелерi жөнiндегi комиссияның қызметi оның құзыретiне кiретiн мәселелердi талқылау және шешу кезiнде айқындылық пен ашықтық негiзiнде жүзеге асырылады.

Ақпаратқа қол жеткiзу мәселелерi жөнiндегi комиссия қызметiнiң тәртiбi туралы ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

20-бап. Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткiзу туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық

Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткiзу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

21-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

Осы Заң, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 10-баптың 3) тармақшасын және 17-баптың 5-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының                                                                                           

Президентi                              Н.Назарбаев

Дата создания статьи: 05.02.2018 09:55
Парақтағы соңғы өзгерістер: 05.02.2018 09:57
Қаралым саны: 550

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2018 Егіндікөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы: Ақмола облысы, Егіндікөл ауданы, Егіндікөл ауылы Жеңіс көшесі, 6

Телефон: 8 (71642) 2-13-42;

Электрондық пошта адресі: egindykol_kanz@akmo.kz

Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша 8 (71642) 2-17-03 телефон арқылы хабарласуға болады:

Жиі қойылатын сұрақтар