A- A A+
Егіндікөл ауданының әкімшілігі
Қаз  | Рус
«Нұр Отан» партиясының саяси доктринасы «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!»
«НҰР ОТАН. НҰРЛЫ БОЛАШАҚ ЖОЛЫНДА!» «Нұр Отан» партиясының ХХІ ғасырдағы миссиясы 3
Біздің құндылықтарымыз 4
Азамат және мемлекет: өзара іс-қимылдың жаңа қағидаттары 7
· Азаматтарға қызмет ететін мемлекет 7
· Жауапты азаматтық қоғам 7
· Әлеуетті әрі белсенді азаматтар бірлестігі 8
Жаңа бағыттың мақсаттары: табысты дамудың жеті факторы 9
· Бірлік пен келісім 9
· Төл мәдениет және руханият 9
· Қуатты экономика 9
· Әділ әлеуметтік саясат 10
· Зияткер ұлт 11
· Тиімді мемлекеттік басқару 11
· Әлемге ашық Қазақстан 11
Партияның тарихи жауапкершілігі 13

1. «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХХI ҒАСЫРДАҒЫ МИССИЯСЫ

«Нұр Отан» — бүкiлхалықтық партия. Бiзге ел тағдыры үшiн жауапкершiлiк жүктелген. Партия құрылған күннен бастап экономика мен саясатта ауқымды реформаларды тұрақты түрде жүзеге асырып, адамның, қоғамның және мемлекеттiң дамуына қолайлы жағдайлар жасап келедi.

Бiздiң күш-қуатымыздың басты нәтижесi — Елбасы басшылығы арқасында Қазақстан халқымен бiрге «Қазақстан-2030» Стратегиясының мерзiмiнен бұрын жүзеге асырылуы болды.

Бiз бүгiнде мемлекеттiлiктi құру жөнiндегi тарихи мiндетiмiздiң орындалғанын мақтанышпен айта аламыз. Қазақстан — экономикасы дамыған, саяси және әлеуметтiк жүйесi тиiмдi қуатты мемлекетке айналды.

Бiрақ бұл жетiстiктерге қарамастан, бiз одан әрi дамуға ниеттiмiз. Әлемдегi ғаламдық құбылыстар жаңа бiр қатерлердi қалыптастырады. Бәсекелестiктi сақтау, елдi дамыту iсiнде жаңа нәтижелерге қол жеткiзу үшiн Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясын iс-қимылдың болашаққа бағытталған жоспары ретiнде ұсынды.

«Нұр Отан» партиясы — Елбасының барлық стратегиялық бастамаларын iске асыру жолындағы тiрегi, басты көмекшiсi. Елiмiздiң ХХI ғасырдағы даму мүмкiндiгiн айқындайтын «Қазақстан-2050» Стратегиясын тиiмдi iске асыру жолындағы партияның рөлi осы Доктринада айқын көрiнiс тапты.

Бiздiң миссиямыз — дамудың эволюциялық жолын қамтамасыз ету, сондай-ақ, өркендеген, бәсекеге қабiлеттi әрi әлеуметтiк бағдарлы мемлекеттi құру. Мұнда әрбiр мақсаткер, еңбекқор және заң тәртiбiн сақтайтын азамат табысқа жетiп, өзiне де, қоғамға да пайда келтiредi.

2. БIЗДIҢ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗ

Бiздiң идеямыз — Қазақстанды өркендету

Елбасы және ол жетекшiлiк ететiн «Нұр Отан» партиясы Тәуелсiздiктiң алғашқы күндерiнен бастап экономикалық либерализм мен әлеуметтiк конверватизм тоғысқан центризм саясатын iске асырып келедi.

Бiз алдағы кезеңде де осы идеологияға жүгiнiп, экономикалық және саяси өзгерiстерге, қоғамның топтасуына, сондай-ақ, қуатты әрi өркендеушi мемлекеттiң қалыптасуына жан-жақты ықпал ететiн боламыз. Осы орайда, бiз қоғам мен елдiң дамуына арналған балама әрi сындарлы идеяларды ескеретiн боламыз. Әртүрлi саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар ұсынған игi бастамалардың жүзеге асырылуын көздейтiн өзара iс-қимылдың осындай стратегиясы ғана бiздiң мемлекеттiлiгiмiздi нығайта түседi деп санаймыз.

Бiз әдiл қоғам құруға ұмтыламыз. Мұндай қоғамда азаматтардың қауiпсiздiгi қамтамасыз етiлiп, олардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк берiледi. Әр адамның жеке әлеуетiн iске асыруға тең мүмкiндiктер жасалады. Адамдар өмiр сүру сапасының жоғары стандартына сай өмiр сүретiн болады.

Бiздiң басты жетiстiгiмiз — елiмiздiң Тәуелсiздiгi

Тәуелсiздiк — елiмiздiң басты құндылығы. Бiз бүгiнгi жетiстiктерiмiздiң қай-қайсысына да Тәуелсiздiктiң арқасында қол жеткiздiк. Сондықтан, Тәуелсiздiк бiз үшiн — баға жетпес байлық!

Мемлекет пен қоғамның бар күш-жiгерi Тәуелсiздiктi нығайтуға арналуы тиiс. Осы мақсат үшiн қызмет ету және мемлекеттi қорғау тарихтың, сондай-ақ, келешек ұрпақ алдындағы әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Мұны жас ұрпақ әрқашан жадында тұтқаны абзал.

Тәуелсiз Қазақстан — бiздiң Отанымыз, бiздiң мақтанышымыз. Отанға деген сүйiспеншiлiгiмiз туған елiмiздi өркениеттi, дамыған ел ретiнде қалыптастыруға деген мақсатымыздан байқалады. Сондықтан, әр азамат өз елiнiң өркендеуi үшiн қолдан келгенше үлесiн қосуы тиiс.

Елбасы — бiздiң саяси идеалымыз

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi, Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев — қоғамды топтастырушы басты тұлға. Елбасының есiмi ғана емес, оның саясаты да тарихи жетiстiктерiмiзбен қатар, қоғам мен мемлекеттiң болашағын айқындайды.

Елбасы болашақтың өзектi мәселесi мен өркендеудiң нақты жоспарын жасақтап, сол мақсаттарға қол жеткiзу үшiн жағдай туғызды. Елбасының саяси кемеңгерлiгi мен көрегендiгi, еңбексүйгiштiгi мен болашаққа ұмтылысы, қажымас қайраты мен табандылығы туған елiне, Отанына адал қызмет етудiң үлгiсi. Сондықтан, бiз үшiн Елбасы — халықтың мызғымас бiрлiгi мен елдiң ойдағыдай дамуының символы.

Бiздiң негiзгi құндылықтарымыз: Адам, Бостандық, Бiрлiк, Әдiлеттiлiк, Заңның үстемдiгi, Отбасы және дәстүр, Болашаққа ұмтылыс.

Бiздiң басты құндылығымыз — Адам, оның қадыр-қасиетi, игiлiктерi мен құқықтарын, талап-тiлегiн, мүддесi мен арман-мақсатын қанағаттандыру мүмкiндiгi.

Әр азамат туғаннан бастап әлеуметтiк және басқа да қызметтер кешенiне кепiлдi әрi тең тұрғыда еркiн қол жеткiзе алуы тиiс. Бұл әр азаматтың саламаттығына, сапалы бiлiм алуына, жұмысқа орналасуына, лайықты жалақы алуына, жеке баспанасының болуына, отбасын құруға, өз балаларының болашағын қамтамасыз етуiне мүмкiндiк бередi.

Бостандық

Адам бостандығы дегенiмiз — әркiмнiң өз болашағын өзi таңдау еркi. Ата Заң бостандыққа кепiлдiк бередi әрi туғанынан бастап оған әр адам ие. Бiз ой-пiкiр бостандығын, сөз бостандығын, дiнге сену бостандығын, жиналыс өткiзу бостандығын, кәсiпкерлiк бостандығын жақтаймыз.

Қоғамдық келiсiм және ел бiрлiгi

Iзгi қоғам бiрлескен күш-жiгерден қалыптасады. Әрқашан бiздiң басты игiлiгiмiз бен мақтанышымыз — бiрлiк, келiсiм және халықтың топтасуы. Мұның бәрi бiздi ынтымаққа жеткiзедi. Адамдардың бiр-бiрiне көмегi, отбасы мүшелерi мен достардың өзара қолдауы ынтымақтың негiзiн құрайды. Сондықтан, бiз үшiн бiрлiк пен келiсiм Қазақстанның бұдан әрi өркендей түсуiнiң маңызды шарты.

Әдiлеттiлiк

Әдiлеттiлiк дегенiмiз — баршаға мүмкiндiктердiң теңдiгi. Әлеуметтiк және басқа да айырмашылықтар адамның өз мақсат-мұратына жетуiне кедергi болмауы тиiс. Азаматтардың зияткерлiк және жасампаздық әлеуетiнiң дамуы — осы жетiстiктердiң алғышарты.

Заңның үстемдiгi

Заң қандай да бiр адамның мәртебесiне және әлеуметтiк шығу тегiне қарамастан, мүлтiксiз орындалуы тиiс. Заңның үстемдiгi әдiл қоғам құруға, баршаның мүмкiндiктерiнiң теңдiгiн қамтамасыз етуге жағдай туғызады. Заң жеке меншiктi қорғайды, адамның жеке бас бостандығын және адамның ар-ұжданына қол сұқпаушылықты, азаматтардың мемлекет iстерiн басқаруға қатысуы жөнiндегi құқықтарға кепiлдiк бередi.

Отбасы және дәстүр

Өзiнiң ана тiлiн, тарихын, мәдениетi мен дәстүрiн дәрiптейтiн Ұлт қана өркендей алады. Отбасы бiздiң қоғамымызда дәстүрдi сақтаудың басты институты болып саналады. Қоғам мен мемлекеттiң берiктiгi оның тұтастығына тiкелей байланысты. Бiз қоғамдағы дәстүрге негiзделген отбасы құндылықтарын нығайтуды көздей отырып, оны мемлекеттi күшейтудiң маңызды факторы ретiнде санаймыз.

Болашаққа ұмтылыс

Жетiлдiруге ұдайы ұмтылу елiмiздiң табысқа кенелуiнiң негiзгi шарттарының бiрi. Бiз әрдайым биiк межелердi көздеп, мақсаттарымызға қол жеткiзiп келдiк. Бiз үшiн серпiндiлiк, реформалар және өзгертулер тұрмыс деңгейiн жақсартудың бiрден- бiр тәсiлiне айналды. Осы орайда, Еңбек те, Еңбек адамы да iлгерi дамудың негiзгi шарты. Еңбек дегенiмiз — әр адамның және қоғамның игiлiктерге қол жеткiзуiнiң бiрден-бiр жолы. Елдiң өркендеуi әр азаматтың еңбекқорлығына тiкелей байланысты деп санаймыз.

3. АЗАМАТ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ: ӨЗАРА IС-ҚИМЫЛДЫҢ ЖАҢА ҚАҒИДАТТАРЫ

Адам, оның құқықтары мен бостандықтары жоғары құндылықтарға жатады. Адамның құқықтары мен бостандығына деген көзқарасымыз Қазақстан Республикасының Конституциясына және Адам құқықтарының жалпыға бiрдей декларациясына сәйкес келедi.

Адам, оның мүдделерi, қам-қарекетi, мұқтаждықтары мен көкейкестi мәселелерi әрдайым мемлекеттiң басты назарында болуы тиiс.

Әр азамат әлеуметтiк шығу тегiне қарамастан, өз мақсат-мұратына жету үшiн өзгелермен тең мүмкiндiктерге ие.

Азаматтарға қызмет ететiн мемлекет

Қоғамның дамуында мемлекеттiң рөлi әрдайым айрықша. Сонымен бiрге, бiз мемлекет пен азаматтар арасындағы қарым- қатынастың жаңаша сипатын қалыптастыруға мүдделiмiз.

Ата Заңға сәйкес, мемлекет және оның азаматтары құқықтары мен мiндеттемелерi тең әрiптестер болып табылады. Азаматтар мен мемлекеттiң бiрлiгi ғана бiздiң өркендеуiмiзге мүмкiндiк бередi. Қуатты мемлекеттi еркiн әрi жауапты азаматтар құра алады.

Мемлекет өз азаматтарының мүдделерiне қызмет етудiң, заңды мүлтiксiз орындаудың және жеке адамның жан-жақты дамуына жағдай жасаудың бағыт-бағдарын ұстанатын болады.

Көрсетiлетiн қызметтердiң сапасы мемлекеттiк органдардың қызметiн бағалаудың негiзгi өлшемiне айналатын болады. Партия әрқашан мемлекеттiң барлық функцияларын азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, әдiлеттiлiк және ашықтық принциптерiн сақтау негiзiнде жүзеге асыруын жақтайды.

Жауапты азаматтық қоғам

Елiмiздiң дамуының жаңа кезеңiнде өзектi мәселелер мен мiндеттердi бiрлесе әрi тиiмдi шешу мақсатында азаматтардың ынтымақшылдығы мен бiрлiгi аса маңызды. Ортақ мүдде үшiн бiрiккен қоғамдастықтардың қызметi елдi тиiмдi дамытудың ең маңызды шарттарының бiрi.

Мемлекет тәртiптi қамтамасыз етуге, экономикалық мәселелердi шешуге, әлеуметтiк жобаларды iске асыруға азаматтардың белсендi түрде қатысуына мүмкiндiктер жасауы тиiс.

Партия, азаматтық қоғамның бөлiгi ретiнде, халықтың мүддесiн бiлдiре отырып, азаматтық бастамаларды дамыту үшiн жағдай жасауға ұмтылатын болады. Ынтымақтастыққа деген ұмтылыс тең қатынастар мен өзара жауапкершiлiкке негiзделуi тиiс.

Әлеуеттi әрi белсендi азаматтардың бiрлестiгi

Ұлтымыз — барлық этностардың өкiлдерi болып табылатын азаматтардың бiрегей мүдделерiн бiлдiре отырып, өркендеуге ұмтылады, сондай-ақ қоғамның және жеке адамның дамуын мақсат тұтады.

Қоғамның барлық саласын түгелдей жаңғыртқанда ғана бәсекелестiкке қол жеткiзе аламыз. Модернизация өз дүниетанымыңды жетiлдiруден басталады. Әр адам өз өмiрiнде жан-дүниесiн жетiлдiрiп, қоғамдық сананы көтерудi айқын мақсат етiп қоюы керек. Қазiргi заман талабына бiздiң жауабымыз — осы.

Қуатты мемлекет, ең алдымен, еркiн, жасампаз және өз күшiне сенiмдi азаматтарға арқа сүйейдi. Сондықтан, жаңа сипатты бiлiм мен жоғары кәсiпқойлық қасиетке ие болуға ұмтылу, өз денсаулығын сақтауға ынталылық әр адамның күнделiктi дағдысы мен тiршiлiгiнiң айнымас қағидасы болғаны дұрыс. Қазiргi заманғы бiлiмдi, ата дәстүр мен өмiрден түйген тәжiрибесiн үйлестiре бiлу адам дамуының негiзiне айналуы тиiс.

Экономикалық, саяси және әлеуметтiк реформалардың сәттiлiгi әр азаматтың, әр отбасының және қоғамдастықтың жетiстiктерiне қарай өлшенедi. Реформа атаулының түпкi мақсаты — әр адамның, әр отбасының өмiр сапасының жоғары стандарттарын қалыптастыру.

4. ЖАҢА БАҒЫТТЫҢ МАҚСАТТАРЫ: ТАБЫСТЫ ДАМУДЫҢ ЖЕТI ФАКТОРЫ

Бiрлiк пен келiсiм

Бiрлiгi жарасқан, ынтымақшыл ел ғана алдына биiк мақсаттар қойып, оларға қол жеткiзе алады. Сондықтан, қоғамдық келiсiмге, азаматтық және ұлттық ортақ құндылықтарға, жаңа қазақстандық патриотизмге негiзделген бiрлiк — елiмiздiң сәттi әрi тұрақты дамуының берiк iргетасы.

Сондай-ақ, бiз ХХI ғасырдағы Қазақстан қоғамын сан-алуан пiкiрлер мен идеялар кең өрiс алған жүйе ретiнде танимыз. Мұндай елдегi бiрлiктi сақтау демократиялық құндылықтарды дамытуды қажет етедi. Осынау құндылықтар — қазiргi әлемдегi келiсiмдi қамтамасыз етудiң негiзгi тетiгi.

Сондықтан, бiз демократияны қоғамдағы әртүрлi мүдделердi сәйкестендiрудiң анағұрлым тиiмдi жолы және даму мақсаттарына қол жеткiзудiң құралы ретiнде бағалаймыз. Бiздiң партиямыз қоғамдағы демократиялық дәстүрлер мен мәдениеттiң дамуына жан-жақты ықпал ететiн болады.

Төл мәдениет және руханият

Руханият пен мәдениет ұлтты бiрiктiредi және оның мiнез-құлқын қалыптастырады. Бiз мәдениеттi қоғамдық өмiрдiң аса маңызды салаларының бiрi ретiнде санаймыз. Оның деңгейi қоғамдық мәнi жөнiнен саясат пен экономика салаларынан кем түспейдi. Мәдениетке сан-алуан өнер атаулының жиынтығы ғана деп қарамау керек. Ол бiздiң ана тiлiмiзде, ата дәстүрiмiзде, тарихи мұрамызда, бiздiң белгi-таңбаларамызда тұнып тұр. Осы орайда, мемлекеттiк тiл рухани және ел бiрлiгiнiң негiзгi факторы болуы тиiс. Сондықтан, бiздiң партиямыз әрқашан қоғамымыздың бiрегейлiгiн айқындайтын рухани және мәдени құндылықтарды сақтап, оны нығайтуға атсалысатын болады.

Бiз мәдениеттердiң қарқынды түрде өзара ықпалдасуы заманында, өзгелердiң жақсысын ғана сiңiре отырып, өзiмiздiң төл мәдениетiмiздi сақтай бiлуiмiз қажет. Бiздiң мәдениетiмiз бен дәстүрлi рухани құндылықтарымыз — ұлтымыздың өмiршеңдiгi мен сақталуының кепiлi. Осы құндылықтардың дамуы елдiң жалпы өркендеуiн және әр азаматтың әлеуетiнiң дамуын қамтамасыз етедi.

Қуатты экономика

Экономиканың тұрақты әрi серпiндi дамуы — қуатты мемлекеттiң және азаматтардың әл-ауқатының өсуiнiң негiзi. Сондықтан, экономикалық саясат елiмiздiң барлық өңiрiндегi халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатын басшылыққа алуы тиiс.

Партия жеке меншiкке қол сұқпау қағидаттарына сүйене отырып, барлық азаматтар үшiн тең жағдай жасау арқылы бәсекелестiк ортаны қалыптастыруға, мемлекет, жеке бизнес және қоғам арасындағы тиiмдi өзара iс-қимылға ұмтылады. Дәл осы жеке кәсiпкерлiк экономикалық дамудың қозғаушы күшi, инновациялардың негiзгi жүргiзушiсi болып табылады, ол жұмыспен қамту мен халықтың әл-ауқатын жақсартудың маңызды әлеуметтiк миссиясын орындайды, орта таптың негiзiн және азаматтық қоғамның арқауын құрайды. Сондықтан, бiз өркениеттi әрi әлеуметтiк жауакершiлiгi бар бизнестi құруды жақтаймыз.

Бiз тиiмдiлiгi жоғары жаңа әрi экологиялық жағынан мiнсiз технологияларды, нарықтың жаңа бағыттары мен табиғат ресурстарын тиiмдi пайдалануды XXI ғасыр экономикасының негiздерi ретiнде бағалаймыз. Экономикалық қызметке экологиялық пайымдауды енгiзу — бұл уақыт талабы, экономиканы табысты әртараптандырудың және ресурстарды кейiнгi ұрпаққа жететiндей әдiл бөлудiң кепiлi.

Әдiл әлеуметтiк саясат

Әрбiр қазақстандық өмiр сапасының әлемдiк стандарттарына сай әлеуметтiк қызметтердiң толық жиынтығымен қамтамасыз етiлуi тиiс. Бiздiң партиямыз әрқашан мынадай әдiл әлеуметтiк саясатты ұстанады: барлық қазақстандықтар мiндеттi сапалы орта бiлiм алуға, сондай-ақ медициналық қызметке толық әрi тең негiзде қол жеткiзе алады. Әркiм қолжетiмдi де лайықты тұрғын үймен қамтамасыз етiледi. Мұқтаж адамдардың барлығы да зейнетақы мен әлеуметтiк жәрдемақы алады. Барша халық экологиялық қолайлы жағдайда өмiр сүредi.

Бiлiм беру жүйесi бiлiмнiң жоғары деңгейiне қол жеткiзуге және оны нарықтық экономика жағдайында қолдануға қабiлет беруге тиiс. Мұндай бiлiм азаматтардың мұқтаждықтарына және ұдайы оқуға деген ұмтылыстарына сәйкес келуi тиiс. Жұмыспен қамту саясаты еңбек нарығын жандандыру және еңбек ресурстарының жылжымалы болуын арттыру қағидатына негiзделетiн болады. Осы орайда, кәсiптiлiк пен әдiл бәсеке негiзгi әлеуметтiк лифт болуы тиiс.

Әлеуметтiк кепiлдiктер адамға ертеңгi күнге сенiмдi болуына, бойындағы мүмкiндiктерiн ашуға жағдай туғызады, сонымен қатар белсендi экономикалық қызметке ынталандырады.

Мүмкiндiгi шектеулi адамдардың бiлiм алуына және еңбек нарығына қол жеткiзуi оларға iс жүзiнде қоғамның толық құқықты мүшесi болуына мүмкiндiк бередi.

Өзара көмек пен қолдаудың моральдық-адамгершiлiк құндылықтарын нығайта түсу, тұрақты экономикалық өркендеуге негiзделген әдiл әлеуметтiк саясат — бүкiл қазақстандық қоғамның және әрбiр азаматтың табысты түрде дамуына ықпал етедi.

Зияткер ұлт

Қазiргi заманғы қоғамдағы бәсекелестiктiң басты белгiсi — бiрегей бiлiм мен технология. Сондықтан, Қазақстанның болашағы — зияткер ұлт және инновациялық экономика. Ол үшiн бiз басқару, гуманитарлық және бiлiм беру инновацияларын дамытуды қажет деп санаймыз. Бұл бiлiм қоғамын, жаңа экономиканың арқауы болып табылатын зияткер тапты қалыптастыруға ықпал етедi. Бiз, сондай-ақ, ғылым мен бiлiмнiң дамуына, жас азаматтардың инновациялық және шығармашылық әлеуетiн iске асыруына, жаңа мүмкiндiктер жасауға айтарлықтай ықпал ететiн боламыз. Мұның бәрi бiздiң әрқайсымыздың прогреске және жасампаз шығармашылыққа ұмтылумен қатар, қуатты инновациялық серпiлiске және экономикалық өркендеуiмiзге септiгiн тигiзедi.

Тиiмдi мемлекеттiк басқару

Бiз Қазақстан азаматтарына сапалы мемлекеттiк қызметтер берудi және тиiмдi басқаруды қамтамасыз етуiмiз керек. Мемлекеттiк органдар әрбiр қазақстандықтың мүддесiне қызмет етiп, мемлекеттiк аппарат ықшам әрi тиiмдiлiгi жоғары болуы тиiс.

Мемлекеттiк аппараттың және билiк деңгейлерiнiң бөлiктерi өлшенетiн, ашық және қоғам үшiн түсiнiктi нәтижеге бағытталуы тиiс. Салынған әрбiр теңге қазақстандықтардың өмiр сапасының жақсаруынан тiкелей көрiнiс табуы тиiс.

Қоғамдық мониторинг және бақылау мүмкiндiгiн қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттiк басқару жүйесi мейлiнше ашық болуы тиiс. Азаматтардың өмiр сапасын арттыру қабiлетi билiктiң тиiмдiлiгiн бағалаудың басты өлшемi болуы тиiс.

12

Бiз мемлекеттiк билiк институттарының жұмыс iстеуiнiң әдiлдiгiне және оның заңның үстемдiлiгiмен жүргiзiлуiне сенiмдi болғымыз келедi. Бiз сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрiнiсiмен күресетiн боламыз. Өйткенi, сыбайлас жемқорлық бiздiң саяси жүйемiздi әлсiретедi және бiздiң демократиямызға нұқсан келтiредi.

Партия басқарудың қолданылып жүрген сызбаларының әлеуетiн кеңейту, сондай-ақ тиiмдi органдарын қалыптастыру жолымен жергiлiктi өзiн өзi басқарудың одан әрi дамуына ықпал ететiн болады.

Әлемге ашық Қазақстан

Ұлттық мүдденi қорғау, қорғаныс қабiлетiн нығайту және қауiпсiздiктi қамтамасыз ету — елдiң сыртқы саясатының негiзгi басымдылықтары. Әлем қоғамдастығының тiршiлiгiндегi құбылыстарға белсендi түрде қатысуымыз бiздiң мемлекетiмiздiң қауiпсiздiгi мен өркендеуiне септiгiн тигiзедi. Қазақстан әрдайым өз жобалары мен жоспарларын халықаралық қоғамдастыққа ұсынатын болады.

Қазақстан барлық халықаралық iлгерiшiл бастамаларды қолдай отырып, ғаламдық қауiпсiздiктiң сақталуына үлес қосатын болады. Бiрлескен қауiпсiздiк пен жауапкершiлiк, ынтымақ пен әрiптестiк орныққан кезде ғана әлем халықтары мен дүниежүзi мемлекеттерi тұрақты дамуға қол жеткiзе алады.

Бiз мемлекетiмiздiң көп векторлық саясатын одан әрi жалғастыратын боламыз. Қазақстанның ықпалдасу процестерi, алдымен, азаматтарымыз бен бизнес үшiн жаңа мүмкiндiктер жасауға бағытталған. Осы орайда, бiздiң егемендiгiмiзге және аумақтық тұтастығымызға қол сұғылмайды.

5. ПАРТИЯНЫҢ ТАРИХИ ЖАУАПКЕРШIЛIГI

Экономикалық, әлеуметтiк, саяси, технологиялық жаһандық үдерiс қарқын алды. Бұған уақыттың өзi iлесе алатын емес. Бiздiң басты мiндетiмiз — болашақта тарих толқынында лайықты орынды иелену.

Билiктегi партияның абыройы — өкiлдiктердiң дәрежесiмен емес, тарихи жауапкершiлiктi еселеу қабiлетiне қарай өлшенедi. Елiмiз жаңа даму кезеңiне аяқ басқан бүгiнгi таңда бiз ХХI ғасырдың сын-қатерлерiне жауап беруге дайын екенiмiздi алға тартамыз.

«Нұр Отан» партиясы елдiң саяси өмiрiндегi өзiнiң басым рөлiн сақтауға ниеттi. Осы орайда, бiз адамдардың бәрiне бiрдей игiлiк пен ортақ шешiмге жету үшiн белсендi саяси үндесуге дайынбыз. Сындарлы пiкiр алмасу және ой бөлiсу, өзара тиiмдi ынтымақтастық — қоғамның өркендеуiнiң кепiлi.

Шынайы өмiрге лайық осы Доктрина мынадай мәселелердi анық түсiнуге негiзделедi: елдiң дамуына төнетiн жүйелi қатерлердi бейтараптандыру және еңсеру өркендеудiң жаңа бiр артықшылықтарын қолдануға жағдай туғызады.

Бiз заманның сын-қатерлерi мен даму тәуекелдерiн Қазақстанның өркендеуiн ынталандырушы факторлар ретiнде қарастырамыз.

Бiз Елбасы ұстанған бағыт-бағдардың төңiрегiне ынтымақтасуға, бiрiгуге үндеймiз. Елiмiздiң әрбiр азаматын өз болашағын қазiрден бастап қамдауға шақырамыз. Бiз үшiн әр азаматтың әлеуетi, қуаты, болашаққа деген сенiмi мен бiлiмi Қазақстанды дамытуға бағытталғаны маңызды.

Бiз Елбасының саяси бағытының сабақтастығы мен тұрақтылығын қолдаймыз.

Бiз өз халқына және өз елiне адал қызмет етудi мақсат етiп отырған Елбасының ұстанған бағытын бәрiмiз болып кеңiнен қолдаған кезде ғана қазақстандықтардың дәулеттi де сәулеттi тұрмысқа қол жеткiзуiн қамтамасыз ететiн боламыз.

«Нұр Отан» — болашақтың партиясы! «Нұр Отан» — ХХI ғасырдың партиясы!

Дата создания статьи: 01.03.2018 15:33
Парақтағы соңғы өзгерістер: 01.03.2018 15:33
Қаралым саны: 1123

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

 

@2018 Егіндікөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы: Ақмола обл. Егіндікөл ауд. Егіндікөл ауылы. Победа көшесі 6 индекс: 020699

Телефон: 8 (71642) 2-13-42;

Электрондық пошта адресі: egindykol_kanz@akmo.kz

Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша 8 (71642) 2-17-03 телефон арқылы хабарласуға болады:

Жиі қойылатын сұрақтар